Министрліктің мәліметінше, бағдарламаның басты нәтижелерінің бірі – студенттер мен университеттік командалардың оқу жобаларынан нақты секторда қолданылатын өнімдерді әзірлеуге көшуі. Қазір бірқатар жоба пилоттық кезеңнен өтіп, халықаралық серіктестер мен инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.
– Бүгінде AI-Sana бағдарламасына қатысушылар жасанды интеллект технологияларын меңгеріп қана қоймай, әртүрлі салаларда қолданылатын өздерінің инновациялық шешімдерін әзірлеуде. Көптеген жоба пилоттық енгізу кезеңінен өтіп, халықаралық серіктестердің қолдауына және инвесторлардың қызығушылығына ие болды, – делінген хабарламада.
Бағдарлама аясында Astana IT University күн панельдеріндегі ақауларды дрондардың көмегімен анықтайтын EnergyDronesAI жүйесін әзірледі. Жоба Shell компаниясының халықаралық грантын жеңіп алып, Қытайдағы халықаралық байқауда алтын медаль иеленген.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті шахталардағы қозғалысты бақылауға және өндірістік қауіпсіздікті арттыруға арналған Smart Safety Monitor жүйесін жасап шыққан. Бұл жоба Дүниежүзілік банктің гранттық қолдауына ие болды.
– Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған технологияларды дамыту да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіліндегі медиаконтентті автоматты түрде ымдау тіліне аударатын SignBridge AI жүйесін енгізуде. Қазір бұл технология «Jibek Joly» телеарнасының бағдарламаларында қолданылып келеді, – деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech филиалымен бірлесіп фишингтік шабуылдар мен цифрлық қауіптерден қорғауға арналған PhishGuard AI платформасын әзірлеуде. Қазіргі уақытта аталған шешімді прокуратура органдарына енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Astana Hub-пен бірлесіп стартаптарды онлайн-инкубациялауға арналған AI Startify Incubator платформасын дамытуда.
Айта кетейік, Алматы облысында ЖИ заңсыз көші-қон деректерін анықтауға көмектесті.