Қазақстандық студенттер IT саласында халықаралық сертификат алды

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық студенттер заманауи ІТ модульдерін меңгеріп, білімін халықаралық деңгейде растады. Осылайша олар жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған «Talap» КЕАҚ Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін зерттеу және мониторинг бөлімінің бас менеджері мәлімдеді.

– Сәуір-маусым айларының арасында «Talap» коммерциялық емес АҚ IT сертификаттау жүйесінің ресми провайдерлерімен меморандумға отырды. Осы шара аясында біз пилоттық жоба ұйымдастырдық. Жобаға 5 өңірдің 5 колледжінен 75 студент қатысты. Олар 2 ай бойы IT құзыреттіліктерінің 1 модулін таңдап, соларды оқыды. Одан соң біз өңір-өңірді аралап емтихан алдық. Соның нәтижесінде 15 студент халықаралық сертификат иегерлері атанды, – дейді Иманғали Есімбек.

Студенттерден бөлек, бақылаушылар да білімдерін халықаралық деңгейде жетілдірген.

– Certiport Pearson жобасын бастаған кезде, олардың мамандары келіп, «Talap» базасындағы 5 прокторды арнайы оқытудан өткізіп, халықаралық проктор сертификатын берді, – дейді менеджер.

Айта кетейік, Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталды.