Қазақстандық таэквондошылар Қытайдағы халықаралық турнирге қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — Таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайдың Тайань қаласында өтетін халықаралық «President’s Cup-Asia» жарысына аттанды.
Халықаралық турнир 23-24 сәуір күндері өтеді. Әлемдік бәсекеге Азия елдерімен қатар Аустралия және Франция спортшылары келеді.
Есбол Сұлтанов шәкірттері бұл жарысқа Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дайындалды. Олар аталған турнирден өзге «Spanish Open G1» және «Austrian Open» жарыстарына әзірлігін пысықтады.
Халықаралық оқу-жаттығу жиынында қазақстандық спортшылар Өзбекстан, Иордания, Қытай, Беларусь, Грузия, Тунис және Сауд Арабиясының таэквондошыларымен тәжірибе алмасты.
Қытайдағы турнирде еліміздің атынан 59 спортшы сайысқа түседі.
Еске салсақ, биыл таэквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне Есбол Сұлтанов тағайындалды. Қазақстандық жанкүйерлер оны Тунис құрамасында қызмет атқарғанын кезінен жақсы біледі. Ол аталған елде 2023 жылдан бері еңбек етті. 2024 жылы Париж Олимпиадасында ол тәлім үйреткен Фирас Катусси алтын алса, Мохамед Халиль Джендуби қола жүлдеге қол созды.