Пилоттық жобаға сәйкес, биыл сәуір айынан бастап Атамекен, Б.Қонысбаев, Қазығұрт, Қапланбек және Тәжен өткізу пункттерінде кеден органдары өзбекстандық рұқсат бланкілерін электрондық түрде бере бастайды.
Тасымалдаушылар «үшінші елдерге/елдерден» түріндегі рұқсатты алу үшін Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдары арқылы CarGoRuqsat электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесін пайдалана алады. Ол үшін келесі құжаттардың болуы міндетті:
1) электрондық кезек жүйесінде тіркеу;
2) көлік құралдарына арналған құжаттар;
3) шетелдік рұқсатты қолдану арқылы/қолданусыз рұқсат куәлігі;
4) шетелдік рұқсатты қолдану арқылы/қолданусыз автокөлік құралдарына рұқсат карточкалары;
5) ҚР аумағынан кеткені үшін алым сомасының бюджетке төленуі.
«Аталған механизм тасымалдаушыларға Өзбекстан Республикасымен жүк тасымалдауды жеңілдетуге және кезектегі орындармен әрі рұқсат бланкілерімен алыпсатарлықтың алдын алуға мүмкіндік береді деп күтілуде», - делінген Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Өзбекстан Республикасына Қазақстан аумағы арқылы келетін отандық тасымалдаушылар аталған өткізу пункттерінде өзбекстандық рұқсат қағазын электрондық түрде алатын болады.