Қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі қайта жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі қайта жасалатынын мәлім етті.
— Биылғы заңнамадағы жаңалықтардың бірі — қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру. Бұл — өндірушілер мен олардың өнімдері туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік цифрлық жүйе. Тізілімді енгізу жинақталған мәліметтер негізінде «жалған өндірушілерді» анықтауға, ашықтықты арттыруға, жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Айтуынша, бұл тізілімге өндірушілерді енгізу механизмі төрт кезеңде жүргізіледі.
— Біріншіден, ақпараттық жүйе арқылы өтінім беріліп, деректерді өңдеуге рұқсат беру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Екіншіден, мемлекеттік деректер базасымен цифрлық тексеру арқылы ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі. Үшіншіден, технологиялық операциялардың орындалуы бағаланады, қажет болған жағдайда өндірістік алаңға барып бағалау жүргізіледі. Төртіншіден, тізілімдегі отандық тауар өндірушілерге тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі, — деді министр.
Айта кету керек, сатып алу конкурстарына, мемлекеттік қолдау шараларына қатысқысы келетін кәсіпорындар аталмыш тізілімде міндетті шарт болып бекітілмек.