«Қолданыстағы мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы қағидаларына өзгерістер енгізілді. Онда мыналар көзделеді:
- тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді басымдықпен отандық тауар өндірушілер тізіліміндегі өнім берушілерден сатып алу;
- отандық тауар өндірушіге 30% мөлшерінде міндетті аванс төленеді, бұл біздің өнім берушілерге шарттық міндеттемелерді уақтылы және тиісінше орындауға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол айыппұлдарды азайту жағында да оң өзгеріс бар екенін айтты.
«Отандық тауар өндірушілер үшін тұрақсыздық айыбын 10%-дан 3%-ға дейін төмендету жолға қойылды. Бұл да елеулі қолдау шарасы болып есептеледі. Квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында оффтейк-келісімшарттарды бір көзден сатып алу тәсілі арқылы іске асыру көзделіп отыр. Аталған шаралар отандық өндірісті ынталандыруға және реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Мәди Тәкиев.