Топтық кезеңдегі алғашқы кездесуде қазақстандықтар Өзбекстанның MIRAGE TEAM командасын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Матч үш кезеңнен тұрды. Алғашқы екі кезеңде қарсыластар Counter-Strike 2 ойынында бақ сынады. Mirage картасында Team KZ қарсыласына бірде-бір мүмкіндік бермей, 13:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Nuke картасындағы кездесу 13:1 есебімен аяқталды.
Жарыстың шешуші бөлігі аренада өткен лазертаг форматында жалғасты. Neo Dala картасында өткен бұл кезеңде де қазақстандықтар басымдық танытып, кездесуді 6:0 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Астанада «Болашақ ойындары — 2026» халықаралық турнирі жалғасып жатыр. Байрақты бәсеке аясында Dota 2, Counter-Strike 2, Phygital Shooter, Phygital Basketball және өзге де фиджитал бағыттар бойынша жарыстар өтіп келеді.