АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартқан рейтингіде қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева көрсеткішін едәуір жақсартты.
19 жастағы теннисші 902-ден бірден 143-сатыға жоғарылап, 759-орынға тұрақтады. Соня бір апта бұрын да осындай серпіліс жасаған болатын.
Соня Жиенбаева өткен аптада Унин (Қытай) ITF W100 турнирінің ширек финалына дейін жеткен еді. Ол жарыс барысында сенсация жасап, рейтингіде өзінен жоғары тұрған екі спортшыны ұтты.
Әлемдік рейтингіде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бұрынғыша 2-сатыдан көрінсе, Юлия Путинцева 87-ден 85-ке көтерілді.
Жұптық сында Анна Данилина 6-орнын сақтап қалды.
Ерлер арасында ATP рейтингісінде Александр Бублик 11-сатыда болса, өткен аптада Братислава (Словакия) турнирінің финалына дейін жеткен Александр Шевченко 97-ден 96-ға ауысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Берлин турнирінде Елена Рыбакина мен Арина Соболенко кездесе ме, соны жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).