Әлемнің 417-ракеткасы Дмитрий Попко Буэнос-Айрес (Аргентина) челленджер турнирінің екінші айналымына өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 366-ракеткасы, бразилиялық Орландо Луспен ойнады.
Бірінші партияда бразилиялық спортшы 7:5 есебімен жеңіске жеткен. Алайда екінші сетте Попко таразы басын теңестірді – 6:4. Шешуші үшінші кезеңде отандасымыз қарсыласын 6:1 есебімен қиындықсыз жеңді.
2 сағат 24 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Дмитрий 6 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді.
Енді Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 327-ракеткасы, германиялық Тимо Штоддермен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жаңа жылдағы алғашқы турнирінде бірінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).