Қазақстандық теннисші Бельгияда іріктеу сайысын жеңіспен бастады

Фото: Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Оттиньи-Лувен-ла-Нёв (Бельгия) челленджер турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады. Ол іріктеу сайыстарының жартылай финалында хорватиялық Нино Сердарусицтен 6:3, 7:5 есебімен басым түсті.  

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдасына жаратты. 

Енді Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 273-ракеткасы, польшалық теннисші Макс Касниковскимен шеберлік байқасады. Оның жеңсе отандасымыз негізгі жарысқа жолдама алады.

Іріктеу сайыстарында тағы бір қазақстандық Денис Евсеев те сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында жасөспірімдер арасында Әмір Омархановтың үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз. Сонымен қатар қазақстандық жас теннисшілер жұптық сында Аустралия чемпионатын сәтті бастады.