Қазақстандық теннисші Бельгиядағы турнирдің ширек финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Недовесов Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші америкалық Роберт Галловеймен бірге алғашқы айналымда ұлыбританиялық Джейми Маррей – аустралиялық Джон Пирстен айласын асырды.
Бірінші партияда қазақстандық-америкалық дуэт 7:5 есебімен басым түсті.
Екіншісінде Маррей – Пирс қарымта қайырды – 6:4. Дегенмен супер тай-брейкте Недовесов – Галловей жеңісті жұлып алды.
Екі сағатқа созылған тартысты бәсекеде Недовесов – Галловей 7 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. Маррей – Пирс 4 эйс, 2 брейктен (9 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Недовесов – Роберт Галловейдің ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Өткен жылы Антверпенде жекелей сында қазақстандық Александр Бублик чемпион атанған болатын. Биыл ол жарақатына байланысты Алматыдағы дәл осындай додадан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматы турнирінде Александр Шевченконың Михаил Кукушкинді ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Қытайдағы жарыстың ширек финалына жолдама алды.