Қазақстандық, әлемнің 417-ракеткасы Дмитрий Попко Буэнос-Айрес (Аргентина) челленджер турнирінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші алдымен аргентиналық Алексис Гурмендиді 2 сағат 18 минутқа созылған тартысты матчта 6:4, 6:7 (1:7), 6:3 есебімен жолдан тайдырды.
Содан кейін іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 688-орында тұрған тағы бір корт иесі Леонардо Абоянмен шеберлік байқасты. Бұл жолы 1 сағат 12 минутқа созылған бәсекеде Л.Абоянды 6:3, 6:3 есебімен ұтты.
Осылайша, Дмитрий Попко 9-14 қаңтар аралығында өтетін негізгі жарысқа жолдама алды. Оның келесі қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).