АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Недовесов Руан (Франция) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов үндістандық Шрирамбалай Нараянасвамимен бірге екі кездесуін сәтті өткізді.
Қазақстандық-үндістандық жұп алдымен франциялықтар Жоффри Бланкано – Тристан Ламазинді жолдан тайдырды – 4:6, 6:1, 13:11.
Недовесов – Нараянасвами ширек финалда бразилиялық Марсело Демолинер – америкалық Кристиан Гаррисонды ұтты – 6:4, 6:4.
Қазақстандық-үндістандық дуэт финалға шығу үшін швейцариялық Якуб Поль – чехиялық Матей Вочелмен таласады.
Қазақстанның әйелдер арасында екінші, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Ухань (Қытай) WTA 1000 жарысының ширек финалынан тыс қалды.
Ю.Путинцева әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға жол берді – 6:1, 4:6, 0:6. Қазақстандық теннисші матчты сәтті бастағанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Қытайдағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).