АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 999-ракеткасы, 20 жастағы Сандуғаш Кенжебаева Мааньшань (Қытай) ITF W15 турнирін сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші алдымен жекелей сында корт иесі Дуаньжуй Гаоны 7:5, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Сандуғаш Кенжебаева ширек финалға шығу үшін әлемнің 348-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, тағы бір қытайлық Ли Цзуньюй Х-мен таласады.
Қазақстандық спортшы қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 969-орынға көтеріліп тұр.
Сандуғаш жұптық сында ресейлік Софья Лансеремен бірге жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген. Олар алғашқы айналымда тартысты матчта қытайлықтар Хоу Янань — Ван Цзяиды жолдан тайдырды — 6:3, 3:6, 10:5. Сөйтіп ширек финалға жолдама алды.
Сандуғаш Кенжебаева мен Софья Лансере мамыр айында дәл осы додада чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның Қытайдағы турнирдің жеңімпазы атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).