Қазақстандық теннисші Монпелье турнирінің екінші айналымына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген А.Шевченко алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 194-орында тұрған чехиялық Далибор Сврчинамен кездесті.
Бірінші партияда чехиялық теннисші 3:0 есебімен алға кеткенімен, Шевченко есе қайырды - 6:4.
Есесіне екінші сетте Сврчина дәл сондай есеппен басым түсті - 6:4.
Шешуші, үшінші партияда қазақстандық спортшы жеңіліп жатып, ұтып кетті - 6:4.
Екі сағат 50 минутқа созылған матчта А.Шевченко 8 эйс жасап, 22 брейк-пойнттың жетеуін пайдалана алды. Қарсыласы 6 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 104-ракеткасы, франциялық Грегуар Баррермен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Франциядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.