АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Монастир (Тунис) ITF турнирінде топ жарды. Жарыстың 1-ракеткалары Г.Ломакин мен ресейлік Илья Симакин барлығы төрт кездесу өткізді.
Қазақстандық-ресейлік жұп жартылай финалда америкалық Джордан Чиу – үндістандық Рохан Мехраны 6:0, 6:3 есебімен ойсырата жеңді.
Финалда Ломакин – Симакин жарыстың 4-ракеткалары, португалиялықтар Педро Араухо - Хосе-Луис Маркесті 6:1, 7:5 есебімен ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 244-орындағы Дмитрий Попко жекелей сында Виченца (Италия) челленджер додасында әлемнің 134-інші, жарыстың 1-ракеткасы, корт иесі Франческо Пассароға 2 сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта жол берді – 3:6, 6:3, 4:6. Сөйтіп ол жартылай финалдан тыс қалды.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева жұптық сында ресейлік Екатерина Рейнгольдпен бірге Брешия (Италия) ITF W75 турнирінің финалында испаниялық Ивон Кавалье-Реймерс – италиялық Аврора Зантедешиден жеңіліп қалды – 6:3, 5:7, 6:10. Бұл ойын 1 сағат 38 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Италиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған едік. Ал, Ролан Гаррос турнирінде Елена Рыбакина 1/8 финалға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).