Қазақстандық, әлемнің 458-ракеткасы Дмитрий Попко Анталия (Түркия) ITF турнирінің финалына өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 783-орында тұрған ресейлік Евгений Тюрневпен бетпе-бет келді.
Бәсеке өте тартысты өтіп, бірінші партияда тай-брейкте Д.Попко үстемдік танытты – 7:6 (7:2).
Есесіне екінші сетте ресейлік спортшы қарымта қайырды – 6:3.
Дегенмен, шешуші – үшінші партияда Д.Попко таразы басын өзіне аудара алды – 6:4.
Дмитрий Попко финалда рейтингіде 743-сатыдағы испаниялық Макс Алкала Гурримен бас жүлдені сарапқа салады. Ол жартылай финалда италиялық Самуэле Пьериді тізе бүктірді – 6:7 (4:7), 6:4, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Түркиядағы турнирдің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисші Тунистегі турнирдің жартылай финалына дейін жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).