Қазақстандық, әлемнің 458-ракеткасы Дмитрий Попко жекелей сында Анталия (Түркия) ITF турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Доданың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 1399-орында тұрған аустриялық Ян Кобриескимен шеберлік байқасты.
Д.Попко 6:3, 6:2 есебімен онша қиналмай, жеңіске жетті.
Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін рейтингте 1523-сатыдағы аргентиналық Эсекиль Монферрермен таласады. Қазақстандық теннисші сондай-ақ жұптық сында да жарысты жалғастырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Түркиядағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Аустралия ашық чемпионатына 11 қазақстандық теннисші қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).