АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Хайдарабад (Үндістан) ITF M15 турнирінде үздік шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Г.Ломакин үндістандық Ишак Экбалмен бірге төрт кездесуін сәтті өткізді.
Қазақстандық-үндістандық жұп жартылай финалда ресейлік Тимофей Дерепаско – малайзиялық Митсуки Вей Канг Леонгтың меселін қайырды – 7:6 (7:5), 6:3.
Г.Ломакин – И.Экбал финалда доданың 4-ракеткалары украиналық Эрик Ваншельбойм – швейцариялық Джеффри Фон дер Шуленбургке қарсы келді. Чемпиондық матч 6:2, 6:3 есебімен Ломакин – Экбалдың пайдасына шешілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Бубликтің тарихи нәтижеге қол жеткізгенін жазған едік.
Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы алғашқы матчында жеңіске жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).