АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында жасөспірімдер арасында J30 сериясы бойынша ITF Juniors турнирі мәресіне жетті.
Аталмыш жарыста 16 жастағы Иван Пономарев жұптық сында үздік шықты.
Қазақстандық теннисші швейцариялық Чарли Базилмен бірге финалда табандылық танытып, камбэк жасай алды.
Қазақстандық-швейцариялық дуэт тартысты матчта украиналық Родион Четвериков – болгариялық Самуил Пешевті ұтты – 4:6, , 6:3, 10:7.
Осылайша, Иван Пономарев спорттық жолында жасөспірімдер арасында ITF додаларында алғашқы титулына қол жеткізді. Биылғы маусымда ол жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Осыған дейін қазақстандық жас теннисші Марокко мен Қытайдағы жарыста финалға дейін жеткен еді.
Қазіргі кезде И.Пономарев Латвияда тәжірибелі бапкер Андис Юшканың қоластында жаттығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде Рыбакина мен Путинцеваның өзара кездесуі мүмкін екендігін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).