Қазақстандық теннисшілер Аустралиядағы турнирді сәтті бастады
Қазақстандықтар Денис Евсеев пен Тимофей Скатов Канберра (Аустралия) челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды Kazinform.
Әлемнің 190-ракеткасы Д.Евсеев іріктеу сайыстарының бірінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 306-орында тұрған аустралиялық Люк Сэвилмен кездесті.
Бастапқы сетте аустралиялық теннисші 6:2 есебімен басым түскенімен, Евсеев таразы басын аудара алды – 6:1, 6:3.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Денис 2 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Қарсыласы 5 эйс, 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Әлемнің 222-ракеткасы Тимофей Скатов рейтингте орны жоқ тағы бір корт иесі Хью Уинтерді бір сағатқа жетпейтін уақытта 6:0, 6:2 есебімен оңай жеңді. Ол 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнтты түгел пайдаланды.
Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 217-ракатеасы, босниялық Нерман Фатичпен, Тимофей Скатов рейтингте 1388-сатыдағы аустралиялық Кейси Хулмен таласады. Қарсыластарын жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Жүлде қоры 164 мың АҚШ долларына бағаланған аталмыш дода 1-7 қаңтар аралығында өтеді.
Д.Евсеев пен Т.Скатов Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстарына қатысатындықтан, оған дейін дайындалып алудың маңызы зор.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Окленд турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған едік.