Қазақстандық теннисшілер Аустралиядағы жарыстың ширек финалына шықты

Фото: ktf.kz

Қазақстандықтар Денис Евсеев пен Тимофей Скатов жұптық сында Канберра (Аустралия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform. 

Қазақстандық жұп алғашқы айналымда аустралиялықтар Алекс Болт – Люк Сэвилмен ойнады.

Бірінші партияда аустралиялық дуэт 6:3 есебімен басымдық танытты.

Есесіне екінші партияда Д.Евсеев пен Т.Скатов қарымта қайырды – 7:6 (7:3). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:7. Бір сағат 38 минутқа созылған матч барысында олар 2 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Аустралиялықтар 3 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатов – Денис Евсеев жартылай финалға шығу үшін жарыстың 3-ракеткалары, эквадорлық Диего Идальго – колумбиялық Кристиан Родригеспен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Канберрада екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Окленд турнирінің ширек финалына шықты.