АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Тимофей Скатов пен Михаил Кукушкин Лилль (Франция) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Әлемнің 195-ракеткасы Т.Скатов алғашқы айналымда рейтингіде 294-орындағы корт иесі Кальвин Эмериді оңай жеңді — 6:1, 6:3.
Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Скатов 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 263-орындағы, доданы іріктеу сайыстарынан бастаған М.Кукушкин сол қарқынын негізгі жарыста да жоғалтқан жоқ. Ол әлемнің 156-ракеткасы, италиялық Джулио Зеппиериді сүріндірді — 6:3, 6:1. Бұл кехдесу де бір сағаттан астам уақытқа созылды. Кукушкин 2 эйс,.4 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов пен Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін франциялықтар, әлемнің 120-ракеткасы Титуан Дроге және рейтингіде 130-орындағы Люка ван Ашпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Үндістандағы турнирде жарыстың 1-ракеткасын жеңгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).