Қазақстандық теннисшілер Германиядағы жарысты сәтті бастады

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов Хаген (Германия) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Әлемнің 221-ракеткасы Д.Попко бастапқы ойынында рейтингіде 457-сатыдағы ұлыбританиялық Антон Матусевичтің мысын басты.

Екі сағат 14 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші камбэк жасап, 3:6, 6:3, 6:4 есебімен қарсыласының осал тұсын тапты. Ол 9 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Матусевич 1 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) шектелді.

Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 151-ракеткасы, тағы бір ұлыбританиялық Ян Чоинскимен таласады. Ол рейтингіде 298-сатыдағы италиялық Лоренцо Джустиноны жолдан тайдырды – 4:6, 6:3, 7:6 (7:1).

Фото: ҚТФ

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 305-ракеткасы Тимофей Скатов рейтингіде 680-орындағы болгариялық Александр Донскиді қапы қалдырды – 6:1, 6:3. Бір сағат 9 минутқа созылған кездесуде Скатов 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Донски 6 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Тимофей Скатовтың келесі қарсыласы – әлемнің 150-ракеткасы, германиялық Янник Ханфманн. Ол рейтингіде 839-орындағы жапониялық Джей Дилан Хара Фриендті жеңді – 7:5, 6:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Португалиядағы жарыста ресейлікті қапы қалдырғанын жазған едік.