Қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлердің финалынан тыс қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисшілер Дмитрий Попко мен Денис Евсеев халықаралық турнирлердің финалына шыға алмады.
Дүниежүзілік рейтингіде 358-орында тұрған Д.Попко Буэнос-Айрес 2 (Аргентина) челленджер жарысының жартылай финалында әлемнің 241-ракеткасы, аргентиналық Факундо Баньиспен бетпе-бет келді.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған кездесуде корт иесі 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 184-сатыдағы Денис Евсеев Тенерифе (Испания) челленджер додасының жартылай финалында әлемнің 127-ракеткасы, америкалық Брендон Накасимадан айласын асыра алмады. Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде америкалық спортшы 7:6 (8:6), 6:2 есебімен басым түсті.
Осылайша, екі қазақстандық теннисші де челленджер турнирінің финалынан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында Әмір Омархановтың жарыстың 1-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.