Қазақстандық теннисшілер Қытайдағы турнирдің жартылай финалына шыға алмады

Фото: Фото: ktf.kz

Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев Қытайдағы Шэньчжэнь челленджер турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды Kazinform.

Дүниежүзілік рейтингте 260-орында тұрған Денис Евсеев әлемнің 146-ракеткасы, америкалық Александр Ковачевичке 2:6, 4:6 есебімен есе жіберді.

Бір сағат 22 минутқа созылған матчта Д.Евсеев 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.

А.Ковачевич 6 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Рейтингте 302-сатыдағы Б.Жұқаев әлемнің 503-ракеткасы, белоруссиялық Егор Герасимовтан айласын асыра алмады – 7:6 (7:4), 2:6, 3:6.

Екі сағат 17 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Бейбіт 14 эйспен бірге 2 брейк-пойнтты мүлт жіберген жоқ.

Қарсыласы 8 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.

Осының алдында Б.Жұқаев Шанхай мастерс турнирінде алғаш рет өнер көрсеткен болатын.

Қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде Д.Евсеев 239-ыншы, Б.Жұқаев 248-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, Анна Данилинаның Гонконг турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.