Қазақстандық теннисшілер Бейбіт Жұқаев, Денис Евсеев және Михаил Кукушкин Шанхай (Қытай) мастерс турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 258-ракеткасы Д.Евсеев дүниежүзілік рейтингте 905-орында тұрған қытайлық Чжоу Иді 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Әлемнің 246-ракеткасы М.Кукушкин рейтингте 580-сатыдағы тағы бір қытайлық Тао Миді дәл сондай есеппен ұтты.
Рейтингте 302-орындағы Б.Жұқаев әлемнің 232-ракеткасы, тайбэйлік Джейсон Джангтан басым түсті - 4:6, 6:3, 6:3.
Іріктеу сайыстарының финалында Денис Евсеев тайбэйлік Тун-Лин Вумен, Михаил Кукушкин аустралиялық Люк Сэвилмен, Бейбіт Жұқаев чехиялық Доминик Паланмен кортқа шығады.
Қарсыластарын жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжіңде Азиада чемпионын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).