ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова – Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Шымкент ITF W15 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық жұп финалға барар жолда үш кездесуін жеңіспен аяқтады.
Соның ішінде ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, ресейлік Ксения Ласкутова – қазақстандық Аружан Сағындықованы тартысты бәсекеде қапы қалдырды – 6:2, 3:6, 10:5.
А.Арыстанбекова – С.Кенжебаева финалда Италия өкілі Ирене Лавино – жапониялық Хайне Огатамен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық дуэт басты матчта қарсыластарын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Григорий Ломакин ерлер арасында осы жарыста жұптық сында үздік шықты. Ол ресейлік Павел Вербинмен бірге соңғы бәсекеде доданың 4-ракеткалары, грузиялық Александр Бакши – германиялық Никлас Шелді ұтты – 7:6 (7:1), 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт жарысының жартылай финалына өткенін жазған едік.
Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің финалына шығу үшін әлемнің 1-ракеткасымен таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).