АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Іңкәр Дүйсебай мен Сәтима Төреген жұптық сында Шымкент ITF W15 турнирінің финалына өтті.
Іңкәр 18-де, Сәтима 16-да болғанына қарамастан, жас теннисшілер жарыс барысында үш кездесуді де сәтті өткізді.
І.Дүйсебай – С.Төреген жартылай финалда жарыстың 4-ракеткалары, тағы бір қазақстандық Аружан Сағындықова мен ресейлік Элина Неплиймен сынға түсті.
Матчтың фавориттері қазақстандық-ресейлік дуэт саналғанымен, Іңкәр мен Сәтима камбэк жасап, супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 2:6, 6:3, 11:9. Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды.
Іңкәр Дүйсебай – Сәтима Төрегеннің финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық жұп, 17 жастағы Әмір Омарханов пен Дамир Жалғасбай жартылай финалда германиялық Адриан Отцбах – бельгиялық Мартин Ван дер Мершенге жол берді – 2:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадрид мастерс турнирінде екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).