Қазақстандық теннисшілер Тунис пен Португалиядағы жарысты сәтті бастады

Фото: Фото: Pyxabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 247-ракеткасы Тимофей Скатов Тунистегі челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.

Т.Скатов іріктеу сайыстарының жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 487-орында тұрған оңтүстіккореялық Квон Сун Вуды 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Тимофей Скатов іріктеу сайыстарының финалында рейтингіде 405-сатыдағы нидерландылық Макс Хаукесті ұтса, негізгі турнирге жолдама алады. 

Аталмыш доданың жүлде қоры 82 мың АҚШ долларына бағаланған. Оның жеңімпазы 11 200 долларға қоса 75 рейтингілік ұпайға ие болады. 

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 223-ракеткасы Дмитрий Попко Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің іріктеу сайысында рейтингіде 641-сатыдағы корт иесі Педро Араухоны 7:5, 3:6, 6:4 есебімен ұтты. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Попко 16 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.

Дмитрий Попко іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 285-ракеткасы, литвалық Вилиус Гаубастан өтсе, ол да негізгі жарысқа қосылады. 

Осы турнирде әлемнің 174-ракеткасы Бейбіт Жұқаев та өнер көрсетеді. Оның алғашқы айналымдағы қарсыласы – рейтингіде 282-орындағы бельгиялық Готье Онклин. 
Екі жарыс та 19 мамырда мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Рим мастерс турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

А.Бублик америкалық Бен Шелтонмен бірге жартылай финалға шығу үшін аргентиналықтар Франциско Серундоло – Томас Мартин Этчеверримен таласады.