Қазақстандық теннисшілер Түркиядағы турнирде екінші рет қатарынан чемпион атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Кайсери (Түркия) ITF W15 турнирінде үздік шықты.

Фото: _arstnbkva_a_ инстапарақшасынан

Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Асылжан мен Іңкәр бүгін екі кездесуін сәтті аяқтай білді.

Қазақстандық жұп жартылай финалда доданың 4-ракеткалары, украиналықтар Мария Берген – Катерина Дятлованы айқын басымдылықпен жеңді – 6:0, 6:3.

А.Арыстанбекова – І.Дүйсебай финалда түркиялықтар Дуру Соке – Дога Түркменмен чемпиондық атақты сарапқа салды. 

Бірінші партияда қазақстандықтар 6:2 есебімен басым түсті. Екінші сетте түркиялық дуэт есе қайырды – 6:2. Супер тай-брейкте Асылжан мен Іңкәр жеңісті жұлып алды – 10:5. Осылайша, Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында ITF турнирлеріндегі кезекті титулына қол жеткізді.

Өткен жылы бірнеше додада жеңімпаз атанған қазақстандықтар биыл Испаниядағы жарыста үздік шыққан еді. Сонымен қатар бір апта бұрын Асылжан мен Іңкәр Кайсеридегі осындай турнирде топ жарған болатын. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Испаниядағы жарыста үздік шыққанын жазған едік.