АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Анталия (Түркия) ITF W15 турнирін сәтті бастады.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық жұп бастапқы кездесуінде украиналық апалы-сіңлілі Серафима — София Васильеваны 6:0, 6:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты.
А.Арыстанбекова — І.Дүйсебай жартылай финалға шығу үшін мажарстандық Мелинда Биро — аустриялық Клаудиа Гаспаровичпен таласады.
Тағы бір қазақстандық дуэт Амира Қазтуған — Яна Ким алғашқы айналымда түркиялықтар Минел Наз Кайнак — Зейнеп Полатқа жол берді — 2:6, 0:6.
Жекелей сында іріктеу сайыстарында алты қазақстандық теннисшінің арасынан А.Арыстанбекова ғана финалдық бәсекеге дейін жетті. Бірақ іріктеудің финалында ол марокколық Айе Эль Ауниге есе жіберді — 2:6, 1:6. Соған қарамастан, қазақстандық теннисші негізгі жарысқа жолдама алды. Онда бастапқы айналымда жапониялық Нанари Катсумимен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Аружан Сағындықованың Үндістандағы жарыста қарсыласын ойсырата ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).