Әлемдік рейтингіде италиялық Янник Синнер 10 950 ұпаймен бұрынғыша көш бастап тұрса, германиялық Александр Зверев (10 070) оған бір табан жақындады. Испаниялық Карлос Алькарас (5 610 ұпай) үздік үштікте.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 2 285 ұпаймен 22-ден 19-орынға көтеріліп, ТОП-20-ға қайта кірді.
А.Бублик Шанхай мастерс турнирінің 1/8 финалына дейін жетіп, онда тартысты матчта А.Зверевке жол берген еді.
Александр Шевченко 111-ден 108-ге, Тимофей Скатов 210-нан 201-ге жоғарылады.
Алматыда өтіп жатқан ATP 250 жарысында спорттық мансабын аяқтайтын Михаил Кукушкин 389-сатыда тұр. Бүгін 38 жастағы М.Кукушкин алғашқы айналымда әлемнің 133-ракеткасы, грекиялық Стефанос Сакелларидиспен кортқа шығады.
Грекиялық спортшы кеше іріктеу сайысының финалында А.Шевченконы 7:6 (7:4), 6:4 есебімен қапы қалдырды. Сөйтіп А.Шевченко негізгі жарыстан тыс қалды.
Алматыда сондай-ақ А.Бублик, Т.Скатов және 18 жастағы Заңғар Нұрланұлы өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирдің іріктеу сайысын жеңіспен түйіндегенін жазған едік.
Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде чемпиондық атағын қорғай ала ма, осы жөнінде де хабарланды.
Юлия Путинцева әлемдік рейтингіде бірден 13 сатыға жоғарылады.