Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған әлемдік рейтингті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік рейтингте көш басындағылар өзгеріссіз қалды, белоруссиялық Арина Соболенко, Польша өкілі Ига Швентек және америкалық Кори Гауфф бұрынғыша үздік үштікте тұр.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина 5-орында қалса, Юлия Путинцева 75-тен 68-ге көтерілді.
Бейжің WTA 1000 турнирінің жартылай финалында Е.Рыбакинаны ұтып кеткен ресейлік Людмила Самсонова 22-ден 16-ға жоғарылады.
Жұптық сында Анна Данилина 32-інші, Е.Рыбакина 116-сатыда қалса, Жібек Құламбаева 152-ден 154-ке сырғыды.
Елена Рыбакина енді Мексиканың Канкун қаласында 29 қазан – 5 қараша аралығында өтетін WTA-ның қорытынды турниріне дайындалатын болады.
Юлия Путинцева бүгін Гонконг WTA 250 жарысының алғашқы айналымында ресейлік Анна Блинковамен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжің турнирінің финалына шыға алмағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).