АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Шевченконың Монте-Карло ATP 1000 турнирінде кімдермен ойнайтыны белгілі болды.
Әлемнің 11-інші, осы жарыстың 8-ракеткасы А.Бублик екінші айналымда ATP рейтингісінде 203-орында тұрған, кезінде 6-сатыға дейін көтерілген франциялық, 39 жастағы Гаэль Монфиспен кездеседі.
Г.Монфис алғашқы айналымда камбэк жасап, әлемнің 30-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспорды жолдан тайдырды – 6:7 (7:9), 6:1, 6:4.
Іріктеу сайыстарынан кейін негізгі жарысқа жолдама алған рейтингіде 76-орындағы Александр Шевченко бірінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, 2014 жылғы АҚШ чемпионы, 37-жастағы хорватиялық Марин Чиличтен өтуге тырысып көреді.
Өткен жылы Монте-Карло додасына А.Бублик те, А.Шевченко да қатыспаған болатын. Сондықтан биыл сәтті өнер көрсетсе, рейтингілік ұпай жинай алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Монте-Карло мастерс турниріне жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).