Қазақстандық теннисшілердің Уимблдон турниріндегі қарсыластары анықталды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания астанасы Лондонда Уимблдон турнирінің жеребесі тартылды.

«Үлкен дулыға» жарысында жекелей сында Қазақстаннан бес теннисші өнер көрсетеді.

Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 48-орында тұрған армениялық Элина Аванесянмен шеберлік байқасады.

Е.Рыбакина 2022 жылы Уимблдонда жеңімпаз атанса, өткен жылы жартылай финалға дейін жетті.

Рейтингіде 34-орындағы Юлия Путинцева әлемнің 13-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовамен сынға түседі. 

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Александр Бубликтің бастапқы қарсыласы – рейтингіде 54-орындағы испаниялық Хайме Муньяр.

Әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко рейтингіде 72-орындағы америкалық Рейлли Опелкадан өтуге тырысып көреді.

Уимблдон додасына алғаш рет жолдама алған рейтингіде 251-сатыдағы Бейбіт Жұқаевқа азулы қарсылас, әлемнің 24-ракеткасы, италиялық Флавио Коболли тап болды.

Аталмыш жарыс Лондонда 30 маусым – 13 шілде аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың алғаш рет Уимблдон турниріне жолдама алғанын жазған едік.