Қазақстандық төреші волейболдан әлем чемпионатында қазылық етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық волейбол федерациясы (FIVB) ерлер командалары арасындағы 2026 жылғы клубтар әлем чемпионатының төрешілер құрамын бекітті.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Ең беделді клубтық турнирдің матчтарына қазылық ету сеніп тапсырылған әлем үздіктерінің қатарына Қазақстан өкілі, халықаралық төреші Юлия Акулова енді.

Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, әлем чемпионаты 2026 жылғы 15-20 желтоқсан аралығында Польшаның Силезия воеводствосындағы үш қалада — Сосновецте, Катовицеде және Ченстоховада өтеді.

Басты жүлде үшін төрт құрлықтың ең мықты сегіз клубы бақ сынасады. Олардың қатарында — әлемнің қазіргі чемпионы әрі ЕКВ Чемпиондар лигасының жеңімпазы итальяндық «Перуджа», турнир иесі — «Алурон Варта Заверце» , түріктің «Зираат Банккарт» клубы, бразилиялық «Сада Крузейро» мен «Волей Рената», ирандық «Фулад Сирджан», индонезиялық «Джакарта Бхаянгкара Пресиси» және мысырлық «Әл-Ахли» бар.

Бұл тағайындау Юлия Акулованың жоғары кәсібилігі мен биылғы маусымда әлемдік аренада қалыптасқан беделінің тағы бір дәлелі болды. 2026 жылғы шілдеде AVC Gala салтанатты рәсімінде ол ресми түрде «Азиядағы жылдың үздік волейбол төрешісі» деп танылған еді.

2026 жылғы тамызда Юлия Акулова ерлер арасындағы Волейбол ұлттар лигасының (VNL 2026) Польша мен АҚШ құрамалары арасындағы финалдық матчында екінші төреші болып жұмыс істеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан қазақстандық төреші Азияда үздік шыққанын жазған едік.