Қазақстандық түйе сүті Таяу Шығыс нарығына шығуы мүмкін

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда ғылыми зерттеулер негізінде пастерленген түйе сүтіне арналған стандарт әзірленді. Бұл отандық өнімді Таяу Шығыс елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Жаңа стандарт бойынша өнім сапасына қойылатын талаптар қатаңдатылып, қазақстандық өндірушілердің бәсекелестік артықшылығын арттыру көзделген.

Фото: АШМ

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Александр Раззареновтың айтуынша, елімізде саумалға арналған стандарт бұрыннан бекітілген. Ал биыл ғылыми зерттеулердің нәтижесінде пастерленген түйе сүтіне арналған стандарт әзірленген.

— Бізде саумалға арналған стандарт бұрыннан бар. Биыл ғылыми зерттеулер негізінде пастерленген түйе сүтіне арналған стандарт әзірледік. Бұл өнімді Таяу Шығыс елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Сынақ нәтижелері бойынша отандық өнімнің сапа көрсеткіштері сауда серіктестеріміздің ұқсас өнімдеріне қарағанда жоғары екенін анықтадық. Енді сапа талаптары қатаңдатылады. Тиісінше, бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, — деді Александр Раззаренов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар іс-шара барысында журналистер шұбатқа жеке стандарт енгізіле ме және түйе сүті өнімдеріне ортақ талаптар белгілене ме деген сауал қойды.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбековтің түсіндіруінше, әзірге тамақ өнеркәсібі бағытында пастерленген түйе сүтіне қатысты стандарт қабылданған. Алдағы уақытта осындай стандарттарды әзірлеу және олардың талаптарын енгізу бойынша жұмыстар жалғасады.

— Тамақ өнеркәсібі бойынша, атап айтқанда, пастерленген түйе сүтіне қатысты осындай стандарт қабылданды. Оларды одан әрі әзірлеу және сапа талаптарын енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасады, — деп толықтырды Қанат Қабылбеков.

Бұған дейін қазақ фермері түйе шаруашылығын дамытып, жылына 197 тонна сүт өндіретінін жазған едік.