Қазақстандық ұйымдар Horizon Europe бағдарламасынан 2 млн еуроға жуық қаржы тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ұйымдар соңғы бір жылда Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасы аясында 1,77 млн еуроға жуық қаржы тартты. Бағдарламаға қатысу үшін еліміздің жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдары мен компаниялары 200-ге жуық өтінім берген.

Фото: Kazinform

Бұл туралы Астанада өткен Horizon Europe бағдарламасына қатысуды кеңейтуге арналған ақпараттық сессияда айтылды.

Қазақстандағы Horizon Europe бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Әлия Сембаеваның айтуынша, қазақстандық ұйымдар ғылым мен инновацияның бірнеше бағыты бойынша қаржылай қолдау алып отыр.

Фото: Kazinform

– Бағдарламада іргелі ғылым мен инновациялық жобалардан бастап, стартаптар мен жаһандық компанияларға дейін қаржыландыру мүмкіндіктері бар. Қазір Қазақстанның сирек кездесетін жер металдарына қатысты бірқатар ұсынысы бар. Биыл осы бағытта екі келісімге қол қойылды. Медицина мен денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық ұйымдар да қаржыландыруға ие болды, – деді Әлия Сембаева.

Қазақстандық ұйымдардың бағдарламаға қызығушылығы соңғы жылдары айтарлықтай артқан. 2023 жылы небәрі 15 өтінім берілсе, 2026 жылғы тамыздың соңына қарай олардың саны 199-ға жетті.

Енді Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдасқан ел ретінде қосылуды көздеп отыр. Осы мақсатта маусым айында Еуропалық комиссияға ресми өтінім жолданды. Қазір тараптар рәсімдік, құқықтық және қаржылық мәселелер бойынша консультациялар жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, бағдарламаға қосылу қазақстандық жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен компаниялардың ірі халықаралық ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Бұған дейін жас ғалымдар тағылымдамадан өтетін шетелдік университеттер тізімі кеңейтілетіні туралы жазған едік.