Қазақстандық велошабандоз Франциядағы кезеңде екінші орын иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — XDS Astana Development Team командасының велошабандозы Лудовико Меллано Францияда өтіп жатқан «Крейз Брейз Элит» көпкүндік веложарысының үшінші кезеңінде мәреге екінші болып келді.

Фото: Gurvan Gussev / Kreiz Breizh Elites

Үшінші кезең Треварез поместьесінен басталып, 169,7 шақырымнан кейін Каре қаласында аяқталды. Жеңімпаз тағдыры соңғы өрлеуде шешілді. Сол жерде көшбасшылар тобы жеңіс үшін фиништік спринтте бақ сынады.

Меллано соңғы метрлерге дейін жеңіс үшін күрескенімен, мәреде тек франциялық Юго Миллеге (Mayenne-Monbana-Rapido) есе жіберді. Үшінші болып Vendée U Primeo Energie командасының өкілі, британиялық Адам Митчелл келді.

Жарыстан кейін италиялық велошабандоз бұл кезеңнің көпкүндік додадағы ең ауыр сындардың бірі болғанын айтты.

— Жарыс өте қиын өтті. Бастапқы шақырымдардан-ақ ешкім жекелей ұзап кете алмады, сондықтан күні бойы шабуылдар толастамады. Соңғы айналымға шыққанда алда көшбасшылар тобы болды. Мәреге төрт айналым қалғанда үшеуіміз пелотоннан шабуыл жасап, алдыңғы топқа жеттік те, жеңіс үшін таластық. Өкінішке қарай, спринтте жеңіске жетуге аз ғана жетпей, екінші орынмен шектелдім. Бұл басынан аяғына дейін өте ауыр жарыс болды. Алда тағы бір кезең бар. Сол жарыста да жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз, — деді Лудовико Меллано.

Бұған дейін «Astana» шабандоздары Испаниядағы жарыста бірінші және үшінші орынды иеленді.