Қазақстандық велотрекші Париж Олимпиадасын аяқтады

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін ел намысын қорғаған қазақстандық велотрекші Андрей Чугай жарысты жүлдесіз аяқтады. 

Фото: ҚР спортты дамыту дерекциясы

Ол спринт бағдарламасында сынға түсіп, 30 спортшы арасынан мәреге 30-шы болып келді. Ол белгіленген қашықтықты 10,047 секундта басып өтті.

Айта кетейік, бүгін грек-рим күресінен 87 келі салмақта бақ сынаған қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов ширек финалда украиналық Жан Беленюкпен белдесіп, 3:7 есебімен ұтылып қалды.

Сонымен қатар, кеше 77 келіде ел намысын қорғаған Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының жартылай финалында Әзербайжан өкілі Санан Сулеймановты айқын басымдықпен ұтып, Олимпиада ойындарының финалына шыққан еді.

Бүгін қазақстандық спортшылар спорттың бес түрінен сынға түсуде. Нақтырақ айтсақ, байдарка мен каноэде есу, грек-рим күресі, бокс, таэквондо және тректегі велоспорттан спортшыларымыз ел намысын қорғауда.

Қазір Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медалі бар.