Қазақстандық Виктория Графеева бокстан Азия чемпионы атанды
14:00, 10 Желтоқсан 2024
АСТАНА. KAZINFORM – Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан Азия чемпионатында әйелдер арасында финалдық жекпе-жектер өтіп жатыр.
Қазақстаннан бірінші болып Виктория Графеева рингке шықты.
В.Графеева 60 келіге дейінгі салмақта қытайлық Цяньге Лимен қолғап түйістірді.
Бірінші раундта Виктория соққыларын барынша дарыта білді. Төрешілер есебі 4:1 болды.
Екінші кезеңде қарсыласын тықсыра түсті – 5:0. Қорытынды есеп те – 5:0.
Осылайша, Виктория Графеева қазақстандықтардан алғашқы болып алтын алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында әйелдер арасында 5 қазақстандық алтынға таласатынын жазған болатынбыз.