Қазақстандық волонтерлер Hong Kong Bootcamp 2026 халықаралық жобасына қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желісінің өкілдері Hong Kong Bootcamp 2026: Roots and Routes – Art Festival and Village Community халықаралық жобасына қатысты. Жоба волонтерлікті дамытуға және тұрақты даму мақсаттарын насихаттауға бағытталған.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, іс-шаралардың басым бөлігі Гонконгтегі Кат-О (Kat O) ауылында өтті. Қатысушылар жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, бірқатар игі іске атсалысты.

Бағдарламада волонтерлік жұмысқа басымдық берілді. Қатысушылар жергілікті өнер фестивалін ауыл тұрғындарымен және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырды.

Экологиялық волонтерлік аясында қатысушылар табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға негізделген ауыл шаруашылығының тәсілдерімен және аумақтарды қалпына келтіруге бағытталған жергілікті бастамалармен танысты.

Жоба түрлі елдерден келген волонтерлерге арал тұрғындарының тарихы мен дәстүрін тануға, өз елдерінің тәжірибесін бөлісуге және халықаралық байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Қазақстан волонтерлік бойынша 34 келісім жасасты.