Қазақстандық зейнетақысының аз есептелгенін сотта дәлелдеп, жеңіп шықты

Коллаж: Canva

KAZINFORM — Орал тұрғыны зейнетақы төлемдерін қайта есептетіп алды. Ол үшін сотқа жүгінген. Бұл туралы  Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.  

Екі жыл бұрын 65 жастағы қазақстандық зейнетке шыққан. Оған ай сайынғы төлем 2020 жылдың мамырынан 2023 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңдегі орташа айлық табыс негізінде тағайындалған.

Кейіннен зейнеткер жұмыс берушісінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше ай бойы міндетті зейнетақы жарналарын кешіктіріп аударғанын білген. Осыған байланысты ол зейнетақы мөлшерін қайта қарау туралы өтініш жасаған. Алайда уәкілетті орган оған бас тартқан. Себебі ер адам өзі тиімді деп санаған үш жылдық кезеңді таңдаған, сондықтан дәл сол уақыт есептеудің негізі ретінде қабылданған.

— Алайда бастапқы таңдалған кезең бойынша жүргізілген есептеу зейнетақы жарналарын азайтып көрсетті, бұл жалпы тағайындалған төлем мөлшеріне елеулі әсер етті. Бас тартумен келіспеген азамат сотқа жүгінді, — делінген хабарламада.

Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырып, уәкілетті органды бірқатар себепке байланысты талапкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге міндеттеді.

— Талапкер 20 жыл бойы үздіксіз автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып жұмыс істеген және толық көлемде жасына байланысты зейнетақы алуға құқылы. Жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын уақытында аудармауы өтініш берушінің құқықтарын шектеуге негіз болмауы тиіс. 2023 жылы зейнетақы тағайындалған сәтте уәкілетті органға оның сәуір–тамыз 2023 жылғы табысы мен аударымдары белгілі болған. Демек, қайта есептеуден бас тарту зейнеткердің заңды құқықтары мен мүдделерін шектейді. Өтініш беруші көрсеткен 2020 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың тамызына дейінгі кезең зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ең қолайлы болып табылады және ол уәкілетті орган тарапынан ескерілуге тиіс еді, — деп түсіндірді сотта.

Апелляциялық саты істі қарап, уәкілетті орган өтінішті формалды түрде қарағанын және талапкердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етпей, заң талаптарын бұзғанын атап өтті.

Батыс Қазақстан облыстық соты бірінші саты сотының шешімімен келісті. Жоғарғы сот та сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.