АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның Алания қаласында жасөспірімдер арасында жас ерекшелік топтары бойынша 64 шаршыдағы дойбыдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Қазақстан дойбы федерациясынан мәлім еткеніндей, бұған дейін блиц пен рапидтен алдына жан салмаған БҚО өкілі Алтынай Саматова соңғы классикалық бағдарламада өзінің үшінші алтынын жеңіп алып, 11 жасқа дейінгі санатта абсолютті әлем чемпионы атанды.
Сондай-ақ классикадан студенттер арасында тағы бір батысқазақстандық Әнел Дәулетова күміс жүлдені жеңіп алды.
Жасөспірімдермен қатар ардагерлер арасында 64 шаршыдағы дойбыдан әлем чемпионаты да өтті. 50 жастан асқан ардагерлер арасында Түркістан облысының өкілі Бауыржан Бердібаев классика бойынша қола медальға ие болды.
Әйелдер арасында классикадан 50 жастан асқандар арасынан қарағандылық Манара Әбеубекова екінші орыннан көрінді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық дойбышының жетінші рет әлем чемпионы атанғанын жазған едік.
Бұдан екі жыл бұрын да Алтынай Саматова 9 жасқа дейінгілер арасында абсолютті жеңімпаз атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).