Италияның Коллальбо қаласында конькимен жүгіруден жастар арасында өткен әлем кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kazinform.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, нео-сеньорлар (23 жасқа дейінгілер) 500 метрлік қашықтықта Маргарита Артемьева 40.04 секунд уақыт көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Тағы бір қазақстандық Инесса Шумекова 40.27 секунд нәтижесімен күміс жүлдеге ие болды. Ал қола медаль Нидерланд өкілі Вильде Баасқа (40.96 секунд) бұйырды.
Бұған дейін 1 мың метрден жарыста Инесса Шумекова алтын, Арина Ильященко күміс жүлдегер атанған еді.
Апенин түбегіндегі байрақты бәсекеге 27 елден 230 спортшы қатысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас конькишілердің әлем кубогі кезеңінде алтын және күміс медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).