Қазақстандық жас падел шеберлері Индонезиядағы турнирде топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияда паделден FIP Promises Jakarta халықаралық турнирі мәресіне жетті.

Фото: Қазақстан падел федерациясы

Айтулы додада паделден Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшелері Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин үздік өнер көрсетіп, қос бірдей жас санатында үздік шықты.

Қазақстандық дуэт 18 жасқа дейінгілер арасында финалда корт иелері Уго Даман — Зафа Утамаға бірде-бір гейм берген жоқ — 6:0, 6:0.
Арнұр мен Ислам 16 жасқа дейінгілер арасында да қарсылас шақ келтірмеді. Олар соңғы бәсекеде индонезиялықтар Джошуа Сигалинга — Эцио Первокконы 6:2, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Бұл қазақстандық жас падел шеберлерінің FIP Promises сериясы жарыстарындағы қатарынан екінші жеңісі еді. Биыл мамыр айында Тбилисиде Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин дәл сондай додада қос бірдей жас санатында топ жарған еді.
Паделден Қазақстан ұлттық ерлер құрамасының бас бапкері Тимур Хабибулин бұл табысты заңды нәтиже, төккен тердің жемісі ретінде бағалады.

— Арнұр мен Ислам турнир барысында сауатты да сенімді ойнай білді. Әсіресе, олар FIP Promises санатындағы екінші турнирде шеберліктерінің жоғары деңгейде екендігін дәлелдеді. Қазақстандық падел үшін бұл — маңызды нәтиже. Бұл жастарымыздың халықаралық аренада бәсекеге түсе алатынын көрсетеді. Осы бағытта жұмыстана бермекпіз, — деді Т.Хабибулин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда паделден Қазақстан алғашқы чемпионатының жеңімпаздары анықталғанын жазған едік.