Қазақстандық жас паделшілер Азия рейтингісінде үздік ондыққа кірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық падел шеберлері жасөспірімдер арасында FIP Азия рейтингісінде жоғары көтерілді.

Фото - Қазақстан падел федерациясы

Қос бірдей қазақстандық спортшы 18 жасқа дейіншілер арасында FIP Promises Азия рейтингісінде ТОП-10-ға кірді.

Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин қазіргі кезде 10-орында тұр. Бұл – жас паделшілердің Қазақстан падел тарихындағы ең үздік көрсеткіші.

Тағы екі қазақстандық Санжар Жуасов пен Тимур Ахметов 26-сатыға жайғасты.

Бұдан бұрын Индонезияда өткен FIP Promises Jakarta турнирінде Арнұр мен Ислам 16 және 18 жасқа дейінгілер арасында үздік шыққан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас падел шеберлерінің Индонезиядағы турнирде топ жарғанын жазған едік.