Қазақстандық жас паделшілер халықаралық турнирде топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Паделден Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшелері Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин Индонезияда мәресіне жеткен FIP Promises Bali турнирінде сәтті өнер көрсетті.

Қазақстан падел федерациясы

Қазақстандық дуэт 16 жасқа дейінгілер арасында финалда корт иелері Пурвако Эцио – Ритеша Гиланы 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді. 

Арнұр мен Ислам 18 жасқа дейінгілер арасында да табысты ойнай білді. Қазақстандықтар финалда индонезиялықтар Бай Путражати – Рой Соесиломен чемпиондық атақты сарапқа салды. Бірінші сетте қазақстандықтар 6:4 есебімен басымдылық танытты. Екінші партияда индонезиялықтар тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:2). Супер тай-брейкте жеңіс жергілікті паделшілердің еншісінде кетті – 11:9. 

Қазақстандық дуэт биыл майда FIP Promises Tbilisi жарысында 16 және 18 жасқа дейінгілер арасында топ жарған еді. Содан кейін шілдеде FIP Promises Jakarta осы нәтижелерін қайталады. 

Ойыншылармен Индонезияға бірге барған паделден Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Тимур Хабибулин жастардың табысы жүйелі жұмыс жемісі екендігін атап өтті. 

- Арнұр мен Ислам екі жас ерекшелігіне қарай бірнеше жарыс бойы жоғары орындар үшін күресіп келеді. Олардың өздерінен жасы үлкендермен тайталасуға қорықпайтыны ерекше сүйсіндіреді. Әрине, бұл жолы да екі алтын медаль алғымыз келген. Дегенмен 18 жасқа дейінгілер арасындағы күміс жүлде де жақсы нәтиже болып есептеледі. Ең бастысы, тұрақтылық, мінез, жеңіске деген жігер бар. Мұндай турнирлер оларға тәжірибе жинақтап, алдағы жарыстарда сенімді ойнауға жәрдемдеседі, - деді Т.Хабибулин.

Осы табысы нәтижесінде Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 16 жасқа дейінгілер арасында FIP Promises Азия рейтингісінде 4-орынға көтерілді. Ал 18 жасқа дейінгілер арасында 6-сатыға жайғасты. Бұл екеуінің үздік көрсеткіштері болып есептеледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас паделшілердің Азия рейтингісінде үздік ондыққа кіргенін жазған едік