Қазақстандық жас шахматшылар елге тарихи жеңіс сыйлады
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 11-15 маусым күндері Лондонда Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) аясында өткен блиц шахматтан командалық әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен кездесті.
Жылдам және блиц шахматтан ұйымдастырылған командалық әлем чемпионатына әлемнің түкпір-түкпірінен 52 команда қатысты. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада үздік нәтиже көрсетіп, командалық есепте күміс жүлдені иеленді. Сонымен қатар жекелей сында 6 жүлде, оның ішінде 2 алтын медаль жеңіп алды.
Кездесу барысында министр Қазақстан командасының жетістігін тарихи оқиға деп атап, отандық шахмат мектебінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші екенін айтты.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді. Сіздердің бұл жеңістеріңіз – жеке жетістік емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін зор мақтаныш. Сіздер елімізді әлемнің үздік шахмат ұжымдарымен терезесі тең екенін дәлелдедіңіздер», – деді Ербол Мырзабосынов.
Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткені үшін Алдияр Аңсат, Елназ Қалиахмет және Ислам Айтенге министрдің алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ ішкі ережеге сәйкес, үздік нәтиже көрсеткен спортшыларды ынталандыру мақсатында әрқайсысына ақшалай сертификаттар берілді.
Шахмат спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
«Кез келген жетістік – бұл жай ғана спорттық нәтиже немесе жеке жеңіс емес, мемлекеттің жүйелі қолдауының нақты көрінісі екенін жақсы түсінеміз. Біз бұл қолдауды әр кезеңде сезініп келеміз: балалар шахматын дамытудан бастап, елімізде ірі халықаралық турнирлерді ұйымдастыруға дейін. Бұл бізге ерекше серпін береді, жігерлендіреді әрі алдағы биік мақсаттарды айқындауға жол ашады», – деді Тимур Турлов.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында отандық шахматшылар халықаралық деңгейдегі жарыстарда 81 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 34-і – алтын, 21-і – күміс, 26-сы – қола. Бұл – елімізде шахмат спортын дамыту ісі жүйелі жүргізіліп жатқанын және еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын айқын көрінісі.
Айта кетейік, шахматтан әлем чемпионы ChatGPT-ді ойсырата жеңді.